Сол секілді пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Менен бір аят болса да жеткізіңдер…», – дейді (Сахих әл-Бұхари). Сондықтан да, сахабалар пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қатысқан түрлі жиындар мен сұхбаттарды жібермеуге тырысқан. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иә, Алла! Менің ізбасарларымды мейіріміңе бөлей гөр!», – дейді. Жанында болған-дардың бірі «Ізбасарларыңыз кімдер?», – деп сұрағанда, ол (с.ғ.с.): «Менен кейін келіп, менің хадистерімді жеткізіп, оны адамдарға үйреткендер», – деп жауап берген.
Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына айтқан сөздерін жаттауды бұйы-рып, оның атынан жалған сөйлеуге қатаң тыйым салған. «Менің атымнан жалған сөйлемеңдер. Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін», – дейді (Сахих әл-Бұхари, Білім кітабы, 107). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін көп уақыт өтпей жалған хадистер пайда болып, мұсылмандар хадис тақырыбына мұқияттылық танытқан кезде бұл сөздің маңыздылығы арта түсті.
Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі тірісі, уахидің келіп отыруы хадиске төнген жалғандық пен өзгерту секілді қауіп-қатерден қорғайтын сенімді сақтаушы болған еді. Өйткені расулулланың өзі (с.ғ.с.) бар кезде сахабалар хадисті талқылау барысында күмәнданған жерлерін Алла елшісіне (с.ғ.с.) барып, анық-қанығын білетін. Омар ибн әл-Хаттабтан (р.а.): «(Бірде) Алла елшісінің көзі тірісінде Һишам ибн Хакимнің «Фурқан» сүресін оқып жатқанын естіп, қырағатына құлақ түрдім. Ол Алла елшісі маған үйретпеген бірнеше қырағатта оқып жатыр екен. Сонда намазда тұрғанда оның жағасынан алуға шақ қалдым, бірақ намазды аяқтауын күттім. Намаздан соң оның шапанын шеңгелдеп: «Мен оқып жатқаныңды естіген сүрені саған кім үйретті?», – дедім. Ол: «Мұны маған Алланың елшісі үйретті», – деді. Мен: «Өтірік айтасың, Алла елшісі маған оны сен оқығаннан басқаша үйретті», – дедім де, оны жетелеп отырып, Алла елшісіне апарып: «Мен мынаның «Фурқан» сүресін сен маған үйретпеген қырағатта оқығанын естідім», – деп шағымдандым. Алла елшісі: «Жібер оны! Оқы, ей Һишам!», – деді. Ол (пайғамбарға да) мен оқып жатқанын естіген қырағатта оқып берді. Алла елшісі: «(Бұл сүре) осылай түсірілген», – деді. Сонан соң (маған): «(Енді) сен оқы, ей Омар!», – деді. Мен оны өзі үйреткен қырағатта оқып бердім. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «(Бұл сүре) осылай түсірілген. Расында бұл Құран Кәрім жеті қырағатта түсірілді, одан өздеріңе оңай келгенін оқыңдар», – деп айтты», – деген (Сахих әл- Бұхари).
«Негізінен ап-ашық үкімдерді, әрі тура жолды Кітапта адам-дарға баян еткенімізден кейін жасырғандар, соларға Алла лағнет етеді, әрі барлық лағнет етушілер лағнет айтады. Бірақ тәубе еткендер жағдайларын түзеткендер және шындықты баян еткендер басқа. Міне, солардың тәубесін қабыл етуші, аса мейірімдімін» («Бақара» сүресі, 159-160-аяттар), – деген аяттың мағынасы діннің екінші қайнар көзі болған сүннетті қамтитындығын түсініп, оны білмегендерге үйретуді сахабалар өздеріне міндет санаған. Көп хадис риуаят еткен Әбу Һурайра: «Егер Құранда екі аят болмағанда, бірде-бір хадис риуаят етпес едім», – деп жоғарыдағы екі аятты оқыған болатын (Сахих әл-Бұхари, Білім кітабы, 118).
Әл-Бара ибн Азиб: «Біз барлық хадистерді пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінен естіген емеспіз. Олардың кейбірін өзге сахабалар жеткізген болатын. Біздер көбіне түйе бағумен шұғылданатын едік», – десе, басқа бір хабарында: «Пайғамбардың сахабалары Алла елшісін тыңдауға мүмкіншіліктері болмаған жағдай-да еске сақтау қабілеті жоғары сахабаларды тыңдап, пайғамбар-дың сұхбатында болғандардың айналасына жиналатын», – дейді (Әл-Хаким әл-Бағдади, Мағрифату улуму әл-хадис, 4-б.). Осы тұрғыда Әбу Һүрайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білген ілімін өзге адамдарға жет-кізудің маңыздылығын: «Білген бір нәрсе өзінен сұралғанда оны жасырған адам қиямет күні оттан ауыздық тағады», – деп айтқан (Әбу Дәуіт, Білім кітабы, 9; Термези, Білім кітабы, 3; ибн Мәжәһ, Кіріспе, 24).
Айша анамыздың (р.а.) көптеген сахабалардан артық хадис риуаят еткені секілді ұлағатты жайт-тарды ескерсек, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін келер ұрпаққа жеткізуде ер адамдармен қатар әйел саха-балардың да қосқан үлесін ұмыт-пағанымыз жөн.
Сахабалар риуаят (хадис жеткізу) еткен хадистерінің санына қарай екі топқа бөлінеді:
а) Мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар. Олар әл-Муксирун деп аталады. Олардың саны жетеу.
ә) Бес жүз бен мың арасында хадис жеткізген сахабалар. Ондай сахабалардың саны төртеу. Олар әл-Муқиллун деп аталады.
Мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар мыналар:
1. Әбу Һүрайра (р.а.) – 5374 хадис риуаят еткен. Әл-Бұхари мен Мүслімнің сахих жинақтарында екеуінің бір ауыздан Әбу-Һурайра-дан риуаят еткен хадистерінің саны 325 болса, Әл-Бұхаридің өзі 93 хадис, Мүслім 189 хадис жеткізген. Ахмад ибн Ханбалдың «Муснәд» жинағында Әбу Һүрайраның 3848 риуаяты қамтылған.
2. Абдулла ибн Омар (р.а.) – 2630 хадис риуаят еткен. Ахмад ибн Ханбал оның 2019 хадисін жеткізген.
3. Әнәс ибн Мәлік (р.а.) – 2286 хадис риуаят еткен. Ахмад ибн Ханбал «Муснәд» жинағында Әнәстің (р.а.) 2178 хадисін қамтыған.
4. Мүміндердің анасы Айша (р.а.) – 2210 хадис жеткізген.
5. Абдулла ибн Аббас (р.а.) – 1660 хадис риуаят еткен.
6. Жәбир ибн Абдулла (р.а.) – 1540 хадис риуаят еткен.
7. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) – 1170 хадис риуаят еткен. Имам Ахмад одан 958 хадис жеткізген. (Әс-Суюти, Тәдрибу әр-рауи, 484-б; Талғат Кочжигит, хадис тарихы, 77-б.).
Мыңнан аз хадис риуаят еткен сахабалар:
1. Абдулла ибн Масғуд (р.а.) – 848 хадис;
2. Абдулла ибн Амр (р.а.) – 700 хадис;
3. Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) – 537 хадис;
4. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) – 536 хадис риаят еткен.
Сонымен қатар, 31 сахаба жүздің үстінде хадис риуаят еткен болса, 14 сахаба үш жүзден астам хадис жеткізген. Көптеген сахабалардың арасынан санаулы ғана сахабаның хадис риуаят еткендігіне қарап, хадис жеткізудің өз алдына бір сала екендігін, онымен әркім айналыса бермегендігін көреміз. Көптеген сахабалардың хадис риуаят етпеуі олардың басқа да білім-ғылым салаларына көңіл бөлуімен байланысты болса керек. Ал Әбу Һүрайра қарны тойғанын қанағат етіп, Алла елшісінің жанынан қалмай, олар қатыспаған (мәжілістерге) қатысып, олар жаттай алмаған (сөздерді) жаттап алатын», – деген (Бұхари) хадисі дәлел болатын.
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистердің дұрысты-ғына күмән тудырмай, кепілдік беретін бірден-бір себеп – барлық сахабалардың сенімділік сипатқа ие болуы. Олар жайлы Құран Кәрімде: «Мұхаммед – Алланың елшісі. Онымен бірге болғандар кәпірлерге өте қатал, ал өз араларында тым мейірімді. Оларды рүкүғта, сәждеде көресің. Олар Алладан мархабат, әрі ризашылық тілейді. Олардың жүздерінде сәжделердің ізі бар. Олардың Таураттағы сипаттары осы. Інжілдегі сипаттары болса, бұл бас жарып, сосын қуаттанып, жуандап, өз сабағына тік тұрған егін сияқты. Бұл егіншілерді таңырқатып, онымен кәпір-лерді ызаландырады. Алла олардан иман келтіріп, ізгі істер істегендерге кешірім және зор сыйлық уәде етті» («Фатх» сүресі, 29-аят), – деп келеді.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзімен бірге болуға сөз беріп, сын сағаттарда қасынан табылып, уәделерінде тұрған адал достары жайлы ұмытпағандығын хадис-терден байқауға болады.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Менің сахабаларыма тіл тигізбеңдер, өйткені сендерден бірің Ұхұд тауындай алтын садақа қылса да, олардың біреуінің жұмсаған бір уысына да, тіпті оның жартысына да жетпейді», – деп айтты», – деген хадис жеткізеді (Әл-Бұхари).
Имран ибн Хусайнның (р.а.): «Алланың елшісі: «Үмбетімнің ең жақсылары – менің ғасырымда өмір сүргендер, сосын олардан кейін келгендер, сосын олардан кейін келгендер», – деді», (Әл – Бұхари) – деп жеткізген хадисінен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әуелі сахабалардың дәуірінде, сосын олардан кейін келген табиғиндер мен әтбәғу ат-табиғиндердің ке-зеңдерінде өмір сүрген жандарды Ислам тарихындағы ең ізгі адамдардан санағанын түсінеміз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «…Жұлдыздар аспан қауіпсіздігінің кепілі. Олар жо-ғалған кезде аспанға уәде етілген нәрселер келеді. Ал, мен болсам, сахабаларымның қауіпсіздігінің кепілімін. Мен кеткен кезде саха-баларыма уәде етілген (қауіпті) нәрселер келеді. Сахабаларым да үмбетім үшін қауіпсіздік кепілі, олар кеткен уақытта үмбетіме уәде етілген (бидғат) нәрселер келеді», – деп айтқан (Сахих Мүслім).
Барлық хадис ғалымдары сахабалардың адалдығы мен сенімділігіне бір ауыздан келіскен.
Еркін Күзембаев