wrapper

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмасымен ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы Ресей Федерациясының Алтай Республикасы Қосағаш ауданында бой көтерген жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты.

Шараға Ресей мұсылмандары діни басқармасының Мүфтилер кеңесінің тең төрағасы, Азия мемлекеттері бойынша Бас мүфтиі шейх Нафигулла Аширов және Алтай Республикасының бас мүфтиі Жанболат қажы Оқтаубаев қатарлы дін басылар арнайы келді.

Сонымен бірге бұл рәсімде Челябинск округінің бас мүфтиі, Алтай Республикасы қазақтарының мәдени орталығының жетекшісі, басқа да діни бірлестік өкілдері мен жергілікті әкімшілік басшысы қатарлы ресми тұлғалармен қоса жергілікті тұрғындар болды.  

Салтанатты жиынды ашып сөз сөйлеген Алтай Республикасының бас мүфтиі Жанболат қажы Оқтаубаев Ресейдің қиыр шетіндегі Қосағаш ауданыныда бұл мешіттің ашылуы асыл дініміз үшін тарихи оқиға екендігін алға тарта келе, алыс-жақыннан келген меймандарға алғыс білдіріп, бүгінгі оқиғаның маңыздылығына тоқталды.

Бұдан соң сөз алған ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы: «Құрметі қандас бауырлар мен сіздерге ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің шынайы сәлемін жеткізіп отырмын. Арамызда шекара болса да, ауыл алыс дегенмен тамыры бір қандастармыз. Біздің арамызды салт-санамыз бен әдет-ғұрпымыз, тіліміз бен асыл дініміз жалғап тұр. «Бармасаң, келмесең жат боласың» деген бабаларымыз. Сондықтан екіжақты қарым-қатынас барлығынан да маңызды.Біздің мақсат мұндағы ағайындардың жүрегне жол салу болып табылады» дей келе, қандастарымыздың дініміз бен салт-дәстүрмізді дамыту үшін руханият ордасын ашып отырған ізгі істеріне зор баға беріп, жаңа мешіттің ел игілігіне қызмет етуін тіледі.

Қарағайдан қиып, көркем етіп қаланған бұл мешітті қосағаштық кәсіпкер Марал Шәншарханұлы деген азамат өз қаражатына салған.

Шара барысында сөз алған алыс-жақыннан келген қонақтар алтай ұлтымен тату-тәтті, бейбіт ғұмыр кешіп, асыл дінімізді көркейтіп отырған қандас бауырларымызға ықыластарын жеткізді.

Мешіттің лентасы қиылған соң жаңа құлшылық ордасының төрінде уағыз айтылып, жұма намазы оқылды.

ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы алғашқы болып жаңа мешіттің төрінде уағыз айтты.

Ол діни қызметтің маңыздылығын уағызға арқау етті. Өкіл имамға Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы, Азия бөлімінің бас мүфтиі шейх Нафигулла Аширов әсерлі уағызы үшін алғыс білдіріп, ең маңызды мәселені көтеріп отырғандығын атап өтті.

Шара соңынан ас беріліп, бабалар рухына арналып Құран оқылды.

Бұл сапар екі елде өмір сүретін қандастармызбен бауырластықты нығайтқан, асыл дініміздің көкжиегіне нұр шашқан маңызымен айырықша болды.

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі 


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk