Таңмен таласа «Халифа Алтай» мешітіне ағылған халықта есеп болмады. Мешіт ішінде халықтың көптігінен ине шаншар орын болған жоқ. ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бас имамы Ермек Қасболатұлы жиналған қауымды Ораза айтпен құттықтап: «Міне, қасиетті Рамазан айы да өтіп, Ораза айт мейрамы келіп жетті. Айт мейрамында мұсылман қауымы бір-бірін құттықтап, ізгі тілек жолдап, Алла Тағалаға сансыз шүкірлік айтады. Айт мейрамының сипаты-ізгілік» дей келе, айт мерекесінің тағылымдық маңызы жайлы танымдық насихат айтты. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар арнайы келіп жиналған халықты ораза айт меркесімен құттықтады.
Бұдан соң жамағатпен айт намазы оқылды. Бабалар рухына Құран бағышталып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасалды. Мешіт ауласына алты қанат ақбоз үй тігіліп, «Зекет және қайырымдылық» қорының атынан 1000 адамға ас-шай, палау таратылды. Сонымен қатар мешіт жанында «Шығыс кәусары» еріктілерінің ат салысуымен «Уақып» қорының демеушілігімен жамағатты қамтыған спорттық шаралар да өтіп жатты. Арқан тарту, кір тасын көтеру, қол күресі қатарлы сайыстарға жастар белсенді қатысып, білек күшімен бәсекелестерінен озған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар мешіт алдында «Бір келген он екі айда Рамазан» атты облыстық мүшәйра қорытындыланып, ақындарға жүлде таратылды. Мешіт ауласына ақындар жыр оқып, айттың ажарын асыра түсті. Сондай-ақ айт намазы алдында мешіттен дәріс алған жас жеткіншектерге сыйлықтар таратылды.
Жамағаттар қасиетті Рамазанмен қоштасып, бір-бірін айтпен құттықтап, мәре-сәре болды.
Мешітте айт дастарханы жайылып, абзал ақсақалдар ел-жұртымызға ақ батасын берді.
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі