ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен жарияланған «Ислам-ынтымақ және бірлік діні жылы» аясында күллі мұсылман баласы асыға күтетін Рамазан айының құрметіне «BOKENTAU» компаниясының қолдауымен Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешіті «Бір келген он екі айда Рамазан» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасын жариялаған еді.
Мақсаты: қасиетті Рамазан айын ұлықтау, асыл дініміз Исламның құндылықтарын насихаттау, Алла Елшісі (с.ғ.с) пайғамдарымыздың асыл мұратын, ғибратты ғұмырын жастарға үлгі ету, Рамазан айының құнды тағылымдарын өлеңмен өрнектеу болса, жас дарындардың өзара танысып, тәжірибе алмасуына және шығармашылық иелеріне қолдау көрсету, насихаттау бағытында жасалды.
Ораза айт күні осынау мүшәйра қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды. Қазақстан Жазушылар Одағының ШҚО филиалы жанынан құралған қазылар алқасы ақындардан келіп түскен туындыларды сараптап қорытындысын шығарды.
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде өткен марапаттау шарасына ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы және демеуші «BOKENTAU» компаниясының директоры Нұртай Асылбекұлы сөз сөйлеп, осы байқаудың дін Исламды ұлықтауда маңызды ролге ие екендігін айта келе, ақындарға сәттілік тілеп, марапат және ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Бас имам: «Дінімізде айтылғандай ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) ақындарды ерекше құрметтеген. Асыл дініміздің өлеңмен жырмен насихаттау арқылы арқауын үзбей бүгінге жеткізген ақындар құрметке лайық. Қасиетті Рамазан айында «BOKENTAU» компаниясы осындай игі шараға қолдау көрсетіп, демушілік жасап отыр. Оларға Жаратушы Өзі разы болсын» деп атап өтті.
Марапаттау шарасында «BOKENTAU» компаниясының директоры Нұртай Асылбекұлы сөз сөйлеп, осындай дініміз үшін атқарылатын насихат шарасына демеуші болу азаматтық парыз екендігіне тоқталып, ақындарға шабыт тіледі.
Қазылар алқасының шешімімен: Бас жүлде 130 000 теңгені өлең әлеміне қалам тартып жүрген Олжас Керейхан жеңіп алды.
1-орынға өскемендік ақын Әсемгүл Серікбол,
2-орынға бірқатар республикалық ақындар мүшәйраларының жеңімпазы Оразай Жеңісұлы,
3-орынға өскемендік Құндыз Тасқынбекқызымен Қатипа Әділетқызы, ынталандыру сыйлығына Есенбол Нақтыбай, Ілия Кәрімқызы, Серік Думан, Естай Жаңабайлар ие болды.
Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы осы мүшәйраның демеушісі «BOKENTAU» компаниясының Президенті Зейнолда Ергалыйға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің «Алғыс хатын» табыс етіп, шапан жапты.
Шарада ақындар өлеңдерін оқыды. Айтқа жиналған жамағат осынау игілікті рухани шараға разы болып, ұйымдастырушылармен демеушілерге алғыс айтты.
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі