Мәуліт айының осынау бір ғажайып күндерінде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Сарыөлең ауылында жаңа мешіт ашылды
«Сарыөлең» ауылдық мешітінің ашылу салтанатына, ҚМДБ ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы және аудан әкімі Алмат Талғатұлы, өңірге белгілі ақсақалдар, қайраткерлер қатысты.
ҚМДБ ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Бүгін ежелден берекелі Күршім ауданы Сарыөлең ауылында көрікті жаңа мешіт ел игілігіне беріліп отыр. Бұл халық үшін, ел-жұрт үшін үлкен игі іс. Енді Сарыөлең халқы өз мешіттерінде намаз өтеп, жұма оқып, дәріс алып, имандылық жолында тәлім алады. Бұл осы халықтың тілеуінің арқасы» дей келе, жиналған халықты құттықтады. Бас имам сонымен қатар осы мешітті салған жомарт азаматтарға шынайы алғыс білдірді. Бірқатар азаматтарға «Алғыс хат» табыс етілді.
Жиында сөз алған Күршім ауданы әкімі Алмат Талғатұлы халықты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, бұл игі іс ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жат ағымдардан сақтану, жастардың адамгершілік құндылықтарға жақындауына зор рол атқаратындығын ерекше атады.
Салтанатты шарада Күршім аудандық орталық мешіттің бас имамы Тилейбек Соянұлы Құран оқып, белгілі ұстаз, исламтанушы Шыңғыс қажы ауыл халқына берекет тілеп, бата берді.
Сарыөлең ауылында ашылған еңселі ешіт толықтай құрал-жабдықтармен жабдықталып, жамағаттың құлшылық жасауына барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Ашылу салатанатында барысында ақсақалдар сөз алып, мешіт тұрғызған азаматтарға алғыс білдірді.
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі